Жасанды интеллект білім сапасын жақсартады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті міндеттер және оларды цифрлық трансформация арқылы шешу» атты Жолдауын тыңдадым.
Президент өз сөзінде елді кең ауқымды цифрландыру мен жасанды интеллектті (ЖИ) көлік, құрылыс, су шаруашылығы, білім беру, ғылым, денсаулық сақтау және мемлекеттік басқару сияқты негізгі салаларға енгізу қажеттігін атап өтті. Жолдауда цифрлық трансформацияның маңыздылығы мен нәтижеге, тиімділікке және әділдікке бағытталған жаңа сападағы мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастыру қажеттігі ерекше айтылды.
Президент Жолдауында білім саласына қатысты кешенді әрі маңыздылығы жоғары мәселелер көтерілді. Нақты әрекеттердің басым бөлігі – оқу жүйесін цифрландыру, инфрақұрылымды күшейту, оқытушылар мен дарынды оқушыларды қолдау, сондай-ақ техникалық білім беру жүйесін реформалау болып отыр. Әлемдік тәжірибеде жасанды интеллект адамдардың өмірін айтарлықтай өзгерткенін көптеген табысты IT-жобадан білеміз. Бір ғана мысал, Оңтүстік Кореяда роботтар оқушыларға ағылшын тілін үйрете бастады. Интеллектуалды чат-бот қосымша оқушылармен түрлі тақырыптар бойынша пікірталастар мен әңгімелерге қатысуға мүмкіндік береді. Бұл олардың тіл үйренуге деген қызығушылығын арттыруға бағытталған. Жалпы білім саласында жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалануда АҚШ, Қытай, Сингапур жетекші елдер көш бастауда. Дегенмен басқа да көптеген ел бұл салада белсенділік танытып, білім беруді жақсартуға ұмтылуда. Қазақстандағы білім беру саласына жасанды интеллектіні ендіру қарқынды даму үстінде.
2025 жыл – Жастар және жұмысшы кәсіптер жылы аясындағы Жолдаудың инновацияларға, әлеуметтік жауапкершілікке және орнықты дамуға негізделгендігі болашаққа апарар айқын бағыт беретіндігіне сенім білдіремін.