Жамбыл атындағы мектеп-лицей
Ресми интернет-ресурс

«ДЕНСАУЛЫҚ КЕРУЕНІ»

«ДЕНСАУЛЫҚ КЕРУЕНІ» - ОТЫРАР АУДАНЫНДА

💉Бүгін «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының Әйелдер қанаты «Әйел аманаты» жобасы шеңберіндегі «Денсаулық керуенін» Отырар ауданында ұйымдастырды. Акцияның басты мақсаты – әйелдердің денсаулығын қорғау, жүкті және жас аналарды профилактикалық тексеруден өткізу, кәсіби дәрігерлерден тегін кеңестер алуына жағдай жасау.

🚐Іс-шара барысында гинеколог, жалпы тәжірибелік дәрігер, невропатолог мамандар аудандық емханада қабылдау жүргізіп, әйелдердің қан сынамаларын алуға қатысып, әр түрлі денсаулық мәселелері бойынша консультациялар берді. Емханаға келушілерге отбасыны жоспарлау бойынша әйелдерді толғандыратын мәселелер бойынша анкеталық сауалнамалар жүргізілді. Медициналық мекеменің жұмысымен, ана мен балаға жасалған жағдайлармен таныстырды.

Облыстық партия филиалы атқарушы хатшысының орынбасары, облыстық Әйелдер қанатының жетекшісі, мәслихат депутаты Қалыйма Жантөреева акцияның маңыздылығына тоқталып, Әйелдер қанатының басым бағыттарымыздың бірі – әйелдердің денсаулығын қорғау екенін атап өтті. «Денсаулық керуені» осы мақсатта қолға алынған нақты қадам екенін, мұнда қыз-келіншектер медициналық тексеруден өтіп, отбасыны жоспарлау, денсаулық күтімі жайлы кеңес алатынына тоқталды.

🚌Медициналық көмек алып, дәрігер кеңесіне жүгінген отырарлық әйелдер іс-шараның қоғам үшін маңыздылығын атап өтіп, ризашылықтарын білдірді. Шара барысында жасөспірім қыздардың денсаулығы, отбасы құндылықтары мен тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері талқыланды.

Одан соң, «Денсаулық керуені» Жамбыл атындағы мектеп-лицейінде мектептердің тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, психологтар, медицина қызметкерлері және қоғам белсенділерінің қатысуымен семинар өткізді. Ерте жүктіліктің алдын алу тақырыбындағы жиынды партияның аудандық филиалының атқарушы хатшысы Еркеғали Таңатаров жүргізіп, мәселенің қоғамға ортақ екенін атап өтті.

🌟Облыстық партия филиалы атқарушы хатшысының орынбасары, облыстық Әйелдер қанатының жетекшісі Қалыйма Жантөреева қазіргі таңда Түркістан облысында әлеуметтік маңызы бар мәселелердің қатарында жасөспірімдер арасындағы ерте жүктілік жағдайлары өзекті болып отырғанын жеткізді. «Ерте жүктілік бұл бір күнде пайда болған мәселе емес, оның түп-тамыры тереңде жатыр. Мәселені қоғам болып күресіп, шешуіміз керек»,-деді ол.

✨Жиында невропотолог Әсел Бердіқұл, дәрігер акушер-гинеколог Маржан Нартаева, «Дара Медиа» ақпараттық агенттігі және әйелдер ресурстық орталығының директоры Рухабза Халдарбек және Сауран аудандық емханасы басшысының ана мен бала денсаулығын қорғау жөніндегі орынбасары, жалпы тәжірибелі дәрігер Лайла Кодаманова, Сауран аудандық емханасының акушер-гинеколог дәрігері Ақтолқын Сәрсенбаева баяндама жасап, тәжірибелерімен бөлісті. Қатысушылар да көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, мамандардан жауап алды.

«Әйел аманаты» жобасы аясындағы мұндай іс-шаралар өңірдегі ауыл-аймақтарды қамтып, тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін жинақтауды әрі оларды шешу жолдарын қарастыруды жалғастырады.

💥Одан соң, Әйелдер қанатының мүшелері Өзбекәлі Жәнібеков атындағы №4 жалпы мектеп-лицей интернатында болып, ұрпақ тәрбиесі жөнінде лекция оқыды.

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі

https://www.facebook.com/share/p/14JNu678gsL/