Жамбыл атындағы мектеп-лицей
Ресми интернет-ресурс

«Адал азамат» – тәрбие жүйесіндегі маңызды бағдарлама

«Адал азамат» – тәрбие жүйесіндегі маңызды бағдарлама

Биылғы конференцияның “Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман” тақырыбы – уақыт талабы мен қоғам сұранысына толық сай келеді. Жаңа оқу жылы қарсаңында білім саласы өкілдерінің басын қосып, білім мазмұнын жаңғырту, жасанды интеллектті енгізу, инклюзивті білім беру мен кәсіби бағдар мәселесін ортаға салу нақты нәтижелерге жол бастайды деп сенемін.

«Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасының іске қосылуы – еліміздің болашағы саналатын жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды, патриотизм мен адалдықты сіңіруге бағытталған маңызды бастама. Бұл – жай ғана білім беру емес, тәрбиелеу ісінің жаңаша форматы.

Сонымен қатар конференция аясында ұсынылған цифрлық шешімдер мен жаңа технологиялар, соның ішінде жасанды интеллект негізінде білім беру процесін ұйымдастыру тәсілдері – еліміздің білім жүйесін әлемдік стандарттарға жақындатуға жол ашады.

Баланың бәрі бірдей. Ауыл баласы мен қала баласының білім алу мүмкіндігі де бірдей болуы керек. «Келешек мектептері» жобасының негізгі мақсаты да – осы.

Біздің міндетіміз – жаһандық үрдістерге бейімделу. Ол үшін білім беру жүйесіндегі цифрлық трансформацияның қарқынын үдету өте маңызды. Цифрландыру мен жасанды интеллектіні игеру білім саласындағы теңсіздікті еңсеріп, оқу сапасын айтарлықтай арттыруға үлес қосатындығын ел Президенті өз сөзінде айрықша атап өтті.

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының Тамыз кеңесіндегі баяндамасы – біз, ұстаздар үшін үлкен жігер мен сенім сыйлады. Мұғалім мәртебесін заңнамалық тұрғыда күшейту, ауыл мен қала арасындағы білім сапасын теңестіру, жас мамандарға қолдау көрсету – бұл білім беру саласының болашағына тікелей әсер ететін нақты қадамдар.

Ерекше қуантқаны – білім беру үдерісіне жасанды интеллект пен заманауи цифрлық технологияларды енгізу туралы бастама. Бұл тек техникалық жаңғыру ғана емес, оқытудың сапасын, тиімділігін арттыратын, әр баланың қабілетіне сай білім беруге жол ашатын үлкен мүмкіндік.

Мемлекет тарапынан жасалып жатқан осындай қолдау бізге жаңа міндет жүктейді – заман талабына сай біліктілігімізді үздіксіз арттырып, шәкірт тәрбиесінде білім мен құндылықты ұштастыра білу. Біз ұстаздар Президенттің сенімін ақтап, еліміздің болашағы үшін аянбай еңбек етуге дайынбыз.

Мұғалімдердің мәртебесін арттыру, олардың кәсіби өсуіне жағдай жасау – еліміздің интеллектуалдық әлеуетін күшейтудің негізгі кепілі. Осы бағытта қабылданатын қарарлар мен шешімдер ел болашағы үшін маңызды болары сөзсіз.

Жамбыл атындағы мектеп-лицейінің директоры-

Қылышбаева Қадиша Әуесқызы

#ТамызКеңесі2025

#БілімКелешегі

#Адалазамат

https://www.facebook.com/share/p/1AAW1GaCyt/