«АДАЛ АТА-АНА - ҚАУІПСІЗ БАЛАЛЫҚ ШАҚ» ӨҢІРЛІК ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ БЕКІТІЛДІ
1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында Түркістан облысы білім басқармасы балалардың қауіпсіздігі мен жазғы демалысын тиімді ұйымдастыруға бағытталған «Адал ата-ана — қауіпсіз балалық шақ» өңірлік тұжырымдамасын бекітті.
Тұжырымдама аясында 18 мамыр мен 1 маусым аралығында облыс көлемінде балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ата-аналардың жауапкершілігін арттыру және жазғы кезеңдегі келеңсіз жағдайлардың алдын алу бойынша кешенді іс-шаралар ұйымдастырылады.
Басты мақсат — әр баланың қауіпсіз ортада өсіп, жазғы демалысын пайдалы әрі мазмұнды өткізуіне жағдай жасау. Осы бағытта білім беру ұйымдары, құқық қорғау органдары, төтенше жағдайлар қызметі, денсаулық сақтау мекемелері мен ата-аналар қауымдастығы бірлескен жұмыстар жүргізеді.
Тұжырымдама үш негізгі бағытты қамтиды:
балалардың дене қауіпсіздігі мен денсаулығын сақтау;
эмоционалдық және психологиялық қолдау көрсету;
құқықтық сауаттылық пен әлеуметтік жауапкершілікті күшейту.
Мамыр айының 15-22 күндері аралығында барлық білім беру ұйымдарында ата-аналарға арналған «Жанға жетер» форматындағы интерактивті жиналыстар өтеді. Кездесулер барысында балалар қауіпсіздігіне қатысты нақты оқиғалар мен статистикалық мәліметтер ұсынылып, ата-аналарға жазғы демалысты тиімді ұйымдастыру бойынша практикалық кеңестер беріледі.
Сонымен қатар, облыс аумағындағы саябақтарда, сауда орталықтарында, ойын-сауық орындарында және су айдындары маңында «Мобильді кеңес» акциялары ұйымдастырылып, тұрғындарға жадынамалар таратылып, психологтар, дәрігерлер және сала мамандары кеңес береді.
Жоба аясында «Қауіпсіз аула», «Қауіпсіз маршрут», «Қауіпсіз үй» акциялары, отбасылық спорттық жарыстар, құқықтық және психологиялық қолдау шаралары, судағы қауіпсіздік бойынша түсіндіру жұмыстары кең көлемде жүргізіледі.
Түркістан облысы білім басқармасы барша ата-аналарды балалар қауіпсіздігіне бейжай қарамауға, жазғы демалыс кезеңінде олардың бос уақытын бақылауда ұстап, қауіпсіз әрі пайдалы орта қалыптастыруға шақырады.
Баланың қауіпсіздігі — баршамызға ортақ жауапкершілік.





