Жамбыл атындағы мектеп-лицей
Ресми интернет-ресурс

17 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні

⚜️17 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні

Ұлттық тәрбие – сан ғасырдан бері ата-бабамыздан мирас болып келе жатқан рухани құндылықтардың негізі. Қазақ халқы қашан да отбасы беріктігін, үлкенге құрмет пен кішіге ізеттілікті, татулық пен бірлікті басты орынға қойған. Осы құндылықтарды жас ұрпаққа жеткізу мақсатында Жамбыл атындағы мектеп-лицейінде «Шаңырақтың шаттығы – татулықта» атты сыр сұхбат кеші ұйымдастырылды.

Бұл іс-шара Ұлыстың ұлы күні – әз Наурыз мейрамы аясында, Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен белгіленген 17 наурыз – «Шаңырақ күніне» орай өткізілді. Қазақы нақышта безендірілген арнайы залда ұйымдастырылған сыр сұхбатқа Әжелер мектебінің өкілдері, оқушы қыздар, ұстаздар мен ата-аналар қатысты.

Әжелер – ұлттық тәрбиенің қайнар көзі

Кеш барысында ауданымыздағы Әжелер алқасының төрайымы Отырар ауданының «Құрметті азаматы» Тұрлыбек Мейрамкүл Полатқызы, «Шуақты аналар» қоғамдық бірлестіктің төрайымы Отырар ауданының «Құрметті азаматы» Байжұман Қалдан Сыпабекқызы жастарға ұлттық тәрбие, отбасы құндылықтары, қазақтың текті қыздары туралы тағылымды әңгімелер айтты. Олар отбасы берекесінің негізі – татулық пен сыйластықта екенін, ұрпаққа дұрыс тәрбие беру үшін ата-ананың, әсіресе, әженің рөлі зор екенін атап өтті.

Әжелерімізге оқушы қыздар көкейіндегі сауалдарын қойып, қазақ отбасының ынтымағы мен берекесін сақтауға қатысты маңызды кеңестер алды. Мәселен, отбасы татулығын сақтау жолдары, немере тәрбиесіндегі әженің орны, қазақтың атадан балаға мирас болып келе жатқан салт-дәстүрлері туралы сұрақтарға үлкендеріміз өз өмірлік тәжірибелерімен бөлісе отырып жауап берді.

Өнер – ұлттық құндылықтың айнасы

Іс-шара барысында оқушылар мен ұстаздар әсем әндер орындап, ұлттық би билеп, ерекше әсерге бөледі. Кеш шымылдығы «Асыл әжем» әнімен ашылып, ортада Кәусар мен Ұлғанымның орындауындағы «Егемен елім» әні тыңдалды. Сонымен қатар, «Қара жорға» биі көпшілік көңілінен шықты.

Жүсіп Баласағұн, Абай Құнанбайұлы сынды дана тұлғалардың отбасы тәрбиесіне қатысты айтқан нақылдары талқыланып, олардың бүгінгі қоғам үшін өзектілігі сөз болды. Әжелеріміз «Қызға қырық үйден тыйым» қағидасының маңызын ашып, қыз бала тәрбиесіндегі ананың, отбасындағы тәртіптің рөлін түсіндірді.

Берекелі үй – мерекелі үй

Сұхбат соңында мектеп-лицей директоры Қадиша Әуесқызы сөз алып, іс-шараның маңыздылығына тоқталды. Қазақ халқы үшін отбасы – қасиетті ұғым екенін, оның шаңырағын шайқалтпай, берекесін сақтаудың әрбір азаматтың парызы екенін атап өтті.

Кеш қонақтарына сыйлықтар табысталып, қатысушылар естелік суретке түсті. Іс-шара «Жақсы адамдарым» әнімен қорытындыланды.

Осылайша, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге арналған тағылымды сыр сұхбат әдемі естеліктермен аяқталды. Әжелеріміздің өнегелі әңгімесі оқушылардың бойына ұлттық тәрбие дәнін егіп, отбасы құндылықтарының маңызын тағы бір мәрте айқындай түсті.

Қазақ отбасы – ұрпақ тәрбиесінің алтын бесігі. Оны сақтап, дәріптеу – бәріміздің ортақ міндетіміз.

#Біртұтас_тәрбиеодағы

#MeruertMedetbekova

#АнарТәңірбергенова

#біртұтас_тәрбие_бағдарламасы

#ogu_agarty_ministrligi

#Түркістан_облысының_білім_басқармасы

#Отырар_ауданы_білім_бөлімі

#педагог_ұйымдастырушы

#біртұтас_тәрбие

#nauryznama2025

https://www.facebook.com/share/p/1Yb9hMMdPS/