ӘСКЕРДЕН ЖЕТКЕН АЛҒЫС ХАТ!
Өз елінің патриоты болу, әскерге барып, еліне қызмет ету – әрбір қазақстандық жастың міндеті.
Баласы бәйгеге шапса, анасы үйде отырып тақымын қысар. Ел қорғауға аттанған ердің ата-анасы баласынан әр хабарды асыға күтеді.
Өткен жылғы күзгі шақырылуда әскер қатарына мектеп-лицейіміздің түлегі Жанәділ Ерзат Төреқұлұлы Отан алдындағы абыройлы міндетін өтеуге аттанды.
Жуырда Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің "Оңтүстік"Өңірлік Әскерлер Қолбасшылығының 51-ші жеке таулы егерлі полкі 91678 әскери бөлімінің командирі А.Отыншыновтан Ерзаттың оқыған мектебіне,мектеп-лицей директоры Қадиша Әуесқызы мен сынып жетекшісі Қалима Әбжаппарқызына алғыс хат келіп жетті. Шәкірттерінің Қазақстан Республикасы қарулы қорғаушысының қасиетті борышын адал және абыроймен орындап жатқанын, жауынгерлік қызмет міндеттерін сапалы әрі жоғары жауапкершілікпен атқарып жүргендігін естіген мектеп-лицей ұжымының қуанышында шек болмады. Ерзаттай тәрбиелі ұл өсірген ата-анасы мен ұстаздары, жауапкершілігі мол жас сарбаз басқаларға да үлгі.
Шәкіртке айтылған мадақтан артық не бар ұстаздар қауымы үшін! Ұлыстың ұлы күнінде қуанышты сәттеріміз көбейе берсін!