Елдің ардағы, сатираның саңлағы
Жамбыл атындағы мектеп –лицейінде ел Президентінің «Оқуға құштар мектеп» жобасын іске асыру мақсатында «Кітапханаға кітап сыйла» акциясы үздіксіз өткізіліп тұрады.Ауданымыздағы қара шаңырақ білім ордасы-Жамбыл атындағы мектеп-лицейінің түлегі,сатираның саңлағы,қазақ әдебиетінде шоқтығы биік тұлғалардың бірегейі Көпен Әмірбектің асылдың сынығындай артында қалған ұрпақтары ұлы Қуаныш Көпенұлы мен немере інісі Азат Әмірбек келіп,мектеп кітапханасына «Көпен келе жатыр» атты
5 томдық кітабын сыйға тартты.
Адамзат баласының қол жеткізген ұлы игіліктерінің бірі – білім қазынасы. Дана халқымыз «Батыр бірді жығады, білімді мыңды жығады» деп бекер айтпаса керек. Кітап білімімізді молайтады, кітаптан көп үлгі-өнеге мен тәрбие аламыз. Кітап оқу – адамға өзіндік әсер етіп, оның адам болып қалыптасуында маңызды рөл атқарады. Кітап оқыған адамның әрдайым рухани байлығы, дүниетанымы кеңейіп, ішкі дүниесі тазарады. Кітап оқу мен кітапханаларды қолдау қоғам дамуының басты міндеттерінің бірі екенін ескере отырып, оқушыларымыз кітапхана қорын әр саладағы көркем әдебиеттермен толықтыру, жас оқырмандарға қазақ әдебиетінің кітаптарын насихаттау, жастарды рухани және патриоттық тәрбиеге баулу, оқырмандарды кітап оқуға тарту мақсатымен кітаптарды тарту етті.
Кітапхана қорын жаңа дүниелермен толықтыруға бағытталған бағалы бастама басқа да жанашыр жандардың тарапынан кеңінен қолдауға ие болуда. Мектеп-лицей ұжымы атынан сатираның саңлағы Көпен Әмірбектің отбасына алғыс білдіреміз.