Жамбыл атындағы мектеп-лицей
Официальный интернет-ресурс

БІР ҰЯДАН ҰШҚАН ТҮЛЕКТЕР

БІР ҰЯДАН ҰШҚАН ТҮЛЕКТЕР

Өмірдегі ең бақытты сәт – оқушылық кезең. Мектепті тәмамдағанына 30 жыл өткен аудан орталығындағы Жамбыл атындағы мектеп-лицейінің түлектері және барлығы дерлік сол кездегі ауылдағы еңбекқор жандардың балалары еді.

Қасиетті қара шаңырақтарына тәу етіп, ұстаздарымен дидарласпаққа уәде байласқан екен. Белгіленген күні алыс-жақыннан келген кластастар алтын ұяда бас қосты. Орталарында өздеріне сабақ берген ұстаздары Жанна Серікбайқызы апайлары бар.1995 жылы білім ұясынан 68 түлек қанат қақты. Әрқайсысы өмірден өз жолын тапты. Ойы зерек, талабы ерек бұл сыныптағы түлектер арасында бүгінде бар мамандықтың иесі табылады. Дәрігер, құрылысшы, полковник шеніндегі қызмет иелері бар. Ұстаздардың ұлағаты болар, олардың біразы мұғалімдік мамандықты таңдап, бүгінде ұрпақ тәрбиесіне үлес қосып келеді.

Сондай бір-бірімен жарасып, ерекше толқыныста тұрған түлектермен дидарласуға біз де асықтық. Алдымен, құрметті ұстаз Жанна Серікбайқызымен әдемі әңгіме өрби кетті. Сол жылдарға оралып, мектеп партасында отырғандай күй кештік.

– Өмір заңы, кешегі балғын бүгінгі ел ағасы. Бірақ, дауыстары бәз-баяғы қалпы. Көбін дауысынан танып жатырмын. «Рухани жаңғыруға» қосып жатқан үлестері шығар, туып өскен жерін, мектебін аңсап келіп, бас иіп, ұстаздарға, мектепке тағзым етудің өзі үлкен бір көрегенділіктің белгісі деп білемін.

Алтын ұядан 30 жыл бұрын түлеп ұшқан түлектердің әрқайсысы – әр түрлі мамандықты игеріп, еліміздің өркендеуіне үлес қосқан, өз ортасында абыройға ие болған еңбек майталмандары. Түлектердің дені ауылды көркейтіп, туған жерді өркендетуге атсалысса, енді бірі еліміздің дамуына сүбелі үлес қосып, туған елден жырақта жүр. Бұл қатарда Арыстан Масанов та бар.

– Сол кезеңде ауыл балаларын білім нәрімен сусындатқан ұстаздардың қатары сиреп, зейнет жасына шыққан ардагерлер мен өмірден озған мұғалімдерімізде бар. Солардың бірі Серікбаев Ғани ағайымыз өмірден өтсе де ізгілікті жолы шәкірттеріне үлгі. Талай шәкіртті қанаттандырған ағайымызға арнап құран бағыштадық. Біздер қанша есейсек те, ұстаздардың алдында мәңгі бала болып қалатынымызды сезіндік. Бәріміздің басымыз қосылып, балалықтың тәтті шағы, оқушылық кезеңнің естен кетпес сәттері сөз болды. Сағынышты сырлар өрілді. Шәкірттерінің бағындырған биігіне Жанна апайымыздың мерейі тасыды.

10 жыл бірге, 30 жыл жырақта. Осы жылғы түлектердің ең белсендісі – Санжар Әбдіжаханұлы. Ол еліміздің құрылыс саласына айтарлықтай жаңалық енгізіп, ел алдында азаматтық парызын өтеген нар тұлғалы азамат, құрыш қолды құрылысшы.

– Бәріміз де кеше ғана мектепті бітіріп, әрқайсымыз арман қуып әр қиырға кетіп едік. Уақыт деген жүйрік екен. Қызық, барлығы да өзгерген. Тіпті, кейбір қыздарды танымай да қалдым. Бірақ, мектептегі бейнелері санамда сақтаулы. Әрқайсысының лақап аттары мен жасаған тентек істеріне дейін есімде. Бәрінен бұрын 30 жылдан кейін кездескеніміз қызық болды. Бұл өте жақсы үрдіс деп есептеймін. Өскелең ұрпаққа тәлім-тәрбиесі мол. Себебі, кейінгі түлектер де біз секілді кездесіп тұрса нұр үстіне нұр.Бұл жандар үшін мектептің әр қабырғасы, есігі, тіпті оның тұтқасына дейін ыстық. Түлектердің басын қосуға, 30 жылдық кездесулердің өтуіне бірден-бір себепші болып жүрген – Қуаныш Ахметов,Баянғали Пазылбеков,Қуаныш Ембергенов,Асқар Ахметов,Самат Бекболатұлы,Асқар Көлбаев,Амангелді Жолшиев,Арман Ботабеков,Серік Нәлібаевтар:

– Бір партада отырып, үзіліс кезінде бірге ойнаған сыныптастар мен жылдар бойы білім нәрімен сусындатқан ұстаздардың бірқатары өмірден өтсе де біздің жүрегімізде мәңгі сақтаулы. Бірақ, олардың ешқайысы да ұмыт қалмайды,Ғани ағайымыздың атына жабдықталған "Алғашқы әскери дайындық" кабинетіне 30 жылдық түлектердің атынан АК-74 оқу-жаттығу автоматын сыйлады, – дейді.

Міне, осындай есте қаларлық сәттерге толы кездесу кеші елуді алқымдаған құрдастарды бір сәт жастық шаққа оралтты, кластастар өзара қалжыңдасып, мәре-сәре болды.

Кескін-келбеттері өзгергенімен, татулықтары, бір-біріне деген сезімдері сол баяғыша, оқушы кезіндегідей тап-таза мөлдіреп тұрған сыныптастарға қызыға қарап, көп әсер алып оралдым.

Абызбек Гүлнар Төлебайқызы

https://www.facebook.com/share/v/18jaqwwiRe/