Жамбыл атындағы мектеп-лицей
Официальный интернет-ресурс

АУДАНДА ОБЛЫСТЫҚ ТУРНИР ӨТТІ - 01

https://www.facebook.com/share/p/15GDR7er1c/

АУДАНДА ОБЛЫСТЫҚ ТУРНИР ӨТТІ - 01

Бүгін ауданда «Отырар ауданының 90 жылдық» мерейтойы аясында еңбек ардагері Жамалхан Ұзақұлын еске алуға арналған футболдан жасөспірімдер арасында облыстық турнир өтті.

Жастарды салауатты өмір салтына тарту мақсатындағы турнирге еліміздің мақтаныштары бокстан олимпиада жүлдегерлері, әлем, Азия ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері Айбек Оралбай, Нұрбек Оралбай, Махмұт Сабырхан, Санжар Тәшкенбай, Төрехан Сабырхан қатысты.

Турнирдің ашылу салтанатында аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы мен аудандық мәслихат төрағасы Ұзақов Уәлихан Жамалханұлы құттықтау сөз сөйлеп, жарысқа қатысушы командаларға сәттілік тіледі.

Аудан әкімі мен мәслихат төрағасы құттықтау сөздерінде киелі өңіріміздің өсіп-өркендеуі мен әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосқан ел азаматының өнегелі өмір жолдарын кейінгі жастарға үлгі ете отырып, жастарды патриоттыққа, елге адал қызмет етуге тәрбиелеудің маңызы зор екенін атап өтті.

Ұлылардың Отаны саналған киелі Отырар топырағында белгілі қоғам қайраткерлері, сазгерлер мен ақын-жазушылар, көптеген еңбек адамдары шыққан. Сондай тау тұлғалы азаматтың бірі Жамалхан Ұзақұлы болатын. Ол бүкіл саналы ғұмырын ауданымыздың өсіп-өркендеуі жолына бағыттап, Қызылқұм ауданы, «Овцевод» бөлімшесінде тіс дәрігері, Талапты ауылында ең алғашқы медициналық тіректің меңгерушісі, Талапты бөлімшесінде есепші, қойма меңгерушісі секілді қызметтерді атқарып, зейнеткерлікке шықты. Отбасында 6 ұлы мен 1 қызына саналы тәрбие беріп, бүгінде сол ұлдары мен қызынан тараған ұрпақтары еліміздің өсіп-өркендеуі жолында түрлі салада еңбек етіп келеді.

Бүгінгі спорттық іс-шара өтіп жатқан спорт алаңшасы да Жамалхан ағамыздың ұрпақтарының демеушілігімен салынған. Бұл нысан балалардың бос уақытын тиімді пайдаланып, спортпен шұғылдануына үлкен септігін тигізіп келеді.

Еске алу турнирінде өңіріміздің аудан-қалаларынан келген командалар сап түзеп, мемлекеттік Әнұранымызды тебіреніспен орындады. Одан әрі турнир басталып, тартысты ойында жарысқа қатысушылар жеңімпаз атануға бар күш-жігерін жұмсады.

Турнир қорытындысымен Созақ ауданынан келген команда ІІІ орын иегері атанса, тартысты ойында финалдық кезеңге дейін келген Кентау қаласының командасы ІІ орыннан көрінді. Ал, барлық ойында үздік өнер көрсетіп, қарсыластарын қапы қалдырған Отырар ауданының жастар командасы І орынды иеленіп, жарыс жеңімпазы атанды.

Жарыс соңында жүлдегерлер арнайы медальдармен, сыйлықтармен марапатталып, жеңімпаздарға кубок табысталды.