Жамбыл атындағы мектеп-лицей
Официальный интернет-ресурс
Алғашқы ұстаз!

Алғашқы ұстаз!

Алғашқы ұстаз!

Алғашқы ұстаз… Имене басып мектеп табалдырығын аттаған кезде алғаш сені мейіріммен қарсы алған адам. Алғаш қолыңа қалам ұстатқан адам. Алғаш санаңа білім нәрін сепкен адам. Ол әр адамның санасында мәңгілік сақталатын, әрі өмірінің соңына дейін бас иіп өтетін ардақты да, қасиетті тұлға. Менің де өмір бойы басымды иіп өткен алғашқы ұстазым бар еді… бойындағы бар жылуын алдына келген мен секілді кішкентай шәкірттерінің жүрегіне ұялатып, бар білгенін санама құйып, төрт жыл бойы жаныма жақын адамға айналған алғашқы ұстазым есімнен кеткен емес. Оның орыны бөлек еді. Оқыдым, өстім, қызмет қылдым. Күнде көріп, хал-жағдайын білмесем де, ол менің жүрегімде еді. Газет бетіндегі қазанаманы көріп, жүрегім езілді. Бара алмадым. Себебі, алғашқы ұстазымның бақилық болғанын кеш естідім. Әттең… өмір ғой.

Мен ауылдағы кішкене мектептегі даярлық сыныбында оқып жүрдім.Әкемнің інісі Төребек тәтемнің менімен жасты қызы Жанар екеуміз егіздердей қол ұстасып,мектепке баратынбыз.Бір күні сыныпқа ағай мен апайлар келіп мені ол сыныптан басқа сыныпқа апарды.Жанар екеуміз бір-бірімізден ажырамай құшақтап алғанбыз.Жылағаным да есімде.Айналып –толғанып мені алып кеткен апай партаға әкеп отырғызды.Даярлық сыныбынан мені тұп-тура бір айдан кейін яғни қазан айының төртінде оқушы саны жетпей тұрған 1 «Б» сыныбына қабылдады.Әкем мен анам қарсылық білдіріп мектеп директорына келсе де,қыздарыңыз өте алғыр,пысық,сабақты толық меңгеріп кете алады деп сенім білдірген.Міне менің 1 сыныпқа осылай келгенім,алғашқы ұстазым Ұлшым Мәлікова апайыммен жүздесуден басталған.Солақай қолмен жазатын мені ылғи да оң қолмен жазуға дағдыландырғаны әлі көз алдымда.1 тоқсан соңында бір ай кейін келген мен өз қатарластарымды басып оздым десем болады.Анам ауылдық кітапханада кітапханашы болатын.Аудан орталығынан әкелетін жаңа кітаптарды қағазынан ашып,иісін иіскеп,қызыға суреттерін көруден бастайтынмын.Оқу ,жазуға деген қызығушылығымды оятқан анам қызықты кітаптарды үйде ағам,інім мен маған оқып беріп,мазмұнын тағы әңгімелеп беруші еді.Әкем күні түні совхоздың ауыл шаруашылығы жұмыстарынан қолы босамайтын,алдыңғы қатарлы үздік механизатор болды.Ең алғаш ауданға,ауылға жаңа К-700 тракторын айдаған адам ретінде мақтан етемін.Нағыз еңбекқор ,тірлігінің барлығын тап-тұйнақтай атқарды,еңбек адамы болды.Үйіміз мектепке жақын болды.Бір сыныпта 20 оқушы болдық. Әрқайсымызды бауырына тартып, бар білгенін үйретуден ұстазым жалықпады. Барлығына бірдей қарап, мейірленуші еді. Менің өсіп, оқып, жетілуіме ата-анам мен ұстазымның сіңірген еңбегі зор. Білімді, байсалды Ұлшым Мәлікованың тұлғасы ұстаз деген ұғымның қашанда биік екенін көрсетті. Алдына келген мен секілді шәкірттерінің бақытын аялап, өз уақытын аямай, маңдай терін төге еңбек еткен аяулы алғашқы ұстазымның әрбір айтқан ақылы менің жадымда сақталып қалды. Үнемі «біреудің ала жібін аттама, өтірікке әуес болма, ата-ананың аманатын ақтауда абыройлы бол» деуші еді. Әр шәкіртінің адамдық қалпын жоғалтпауына, сапалы білім мен қатар тәлімді тәрбиені де санамызға сіңірді.

Әр өткізген сабағынан өмірлік нәр алып отырдық. Сол кездері өз қолымен жасаған дидактикалық материалдары бізге ерекше оқуға деген талпыныс пен жігер сыйлайтын еді. Алтын ұя мектепке тарыдай болып кірген бізді, таудай болып шығуымызға еңбек еткен, еркелігіміз бен тентектігімізді көтеріп, жақсымызды асырып, жаманымызды жасырып, үлкен өмірге қанат қағуымызға еселі еңбек еткен Ұлшым ұстазымның таланты, біліктілігі мен жауапкершілігінен бөлек адами қасиеті басым еді. Бәрі-бәрі әлі күнге дейін көз алдымда…Анам маған жарық дүние сыйласа, екінші анам, рухани анам, алғашқы ұстазым Ұлшым Мәлікова мені «Өмір» атты үлкен мектепке дайындады. Маған өмірлік бағыт-бағдар берді. Менің өмірде аңдап басып, ақылды болуыма, адам болуыма, адал болуыма еңбегін сіңірді. 11 сыныпты бітірген кезде мектепке келіп бізбен балаша қуанып,әрқайсымызға аналық тілегін арнады.

Өзім де бүгінгі таңда ұстазбын,еңбек жолымды Жамбыл атындағы мектеп-лицейде бастадым.Мектеп тәлімгері бола жүріп,көптеген іс-шараларды ұйымдастырып,өзіме тәжірибе жинақтадым.Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ бере жүріп,жаңа технология әдістерін кеңірек тиімді пайдаландым.Шәкірттерім жетістікке жетсе қуанып,өзімнің мамандығымды ерекше жақсы көрдім.Алғашқылардың бірі болып,шетелдік тәжірибені қолдану мақсатында 1 –ші ілгері деңгей курсын бітіріп,жоғары жалақы төленетін сертификатқада ие болдым.Мектеп тренері,Көшбасшы,Аналитикалық талдау атты курс тыңдаушысы болдым және сертификат алдым.Менің болмысымның биік болуына ата-анам мен алғашқы ұстазымның мен бітірген Отырар орта мектебінің барша ұстаздарының ерен еңбегі,үлесі бар деп білемін!Барша ұстаздарыма басымды иемін! Ұстаздар мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Алғашқы ұстазым-Ұлшым Мәлікова! Ардақты ұстазым, аяулы ұстазым! Сіз бақилық болсаңыз да, жарқын бейнеңіз жадымызда. Айтқан сөздеріңіз санамызда. Алдыңыздан өткен жүздеген шәкіртіңіз бар да, Сіз мәңгіліксіз. Сіздің маңдай тер, еселі еңбегіңіздің алдында басымды иемін. Сіз секілді ұлағатты ұстаздан білім алғанымды мақтан тұтамын әрі сеніміңізге селкеу түсірмеуді өзімнің шәкірттік парызым деп білемін. Жатқан жеріңіз жайлы, қабіріңізге Алланың нұры жаусын!

Абызбек Гүлнар Төлебайқызы

Жамбыл атындағы мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

https://www.facebook.com/share/p/1HJ3QngAPM/